Облыс әкімі Берік Уәли Курчатов қаласына барып, әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Аймақ басшысы әуелі пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. 
Облыс әкімі жаңа қоныс иелерін қуанышты мезетпен құттықтады. Алда еліміз үшін тарихи таңдау Конституциялық референдум тұрғанын, бұл мемлекеттілігімізді нығайту мен демократиялық құндылықтарды орнықтыру жолындағы жауапты қадам екенін атап өтті.
«Бүгін ел үшін елеулі, халық үшін қуанышты сәтке жиналып отырмыз. Бүгін 22 отбасы қоныс тойын тойлайды. Алдағы айларда тағы 14 пәтер осы санаттағы азаматтарға берілетін болады. Яғни, 36 отбасы баспанаға қол жеткізеді. Бұл баспаналар әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, жетім балаларға беріліп отыр. Бұл – жай ғана баспана емес, жаңа өмірдің, ертеңгі күнге деген үміт пен сенімнің бастауы. Бұл – мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің нақты көрінісі. Алдағы уақытта қаладағы осындай үш көп қабатты үй қайта жаңғыртылып, халықтың игілігіне берілетін болады», – деді Берік Уәли.
Жаңа қоныс иелері ризашылықтарын жеткізді.
«Бүгін біз үшін ерекше күн. Жылдар бойы кезекте тұрған тұрғындар баспаналы болып, қуанып жатыр. Қаламыз күннен күнге көркейіп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Курчатовқа «ғылым қаласы» мәртебесі берілетінін естіп жатырмыз. Осындай қолдау көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығымызды білдіреміз», – деді Курчатов қаласының тұрғыны Қабдрашит Төлеуханұлы.

Инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды жұмыс атқарылуда. 2025 жылы «Курчатов–Павлодар» автожолының учаскесі пайдалануға берілді. «Семей-Курчатов» тас жолына республикалық маңызы бар жол мәртебесі беру жұмысы жүргізілуде. Бұл алдағы уақытта жол сапасын арттырып, қатынас тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді. Қаланың көше-жол желісін жаңғырту аясында асфальттың бірінші қабаты төселді, 2026 жылы екінші қабатын төсеу жұмыстары аяқталады. «Қазцинк» АҚ демеушілігімен аулаішілік жолдар 100 пайыз жаңартылды.
Пікір қалдыру