Абай облысында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңірде 431 бала қорғаншылық пен қамқоршылықта, 29 бала патронаттық отбасыларда тәрбиеленуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Айжан Мұқатова хабарлады.
Айжан Мұқатованың айтуынша, балалармен жұмыс істеудің тиімділігін арттыру мақсатында кейс-менеджмент тәсілі енгізілуде. Қазіргі уақытта тиісті функциялар басқарманың сегіз маманының, сондай-ақ қалалық және аудандық қорғаншылық органдары қызметкерлерінің лауазымдық міндеттеріне енгізілген. Сонымен қатар облыс бойынша қорғаншылық органдарының 15 маманы «Өркен» институтының арнайы оқу курстарынан өткен.
— Қазіргі уақытта облыста облыстық, екі қалалық және он аудандық комиссия жұмыс істейді. Бекітілген жоспарларға сәйкес олар балалардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және кәмелетке толмағандармен жеке жұмыс жүргізу мәселелерін қарайды, — деді Айжан Мұқатова.
Спикер балалар мен отбасылардан келіп түскен өтініштерге де жеке тоқталды.
— 2026 жылы облыс бойынша «111» байланыс орталығына 35 өтініш келіп түсті. Олар отбасыларды қолдау, балалардың құқықтарын қорғау, білім беру, психологиялық және медициналық көмек көрсету мәселелеріне қатысты болды, — деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ басқармаға «Е-Өтініш» сервисі арқылы 60 өтініш келіп түскен. Олардың қатарында білім беру ұйымдарында қолайлы психологиялық ахуалды қамтамасыз ету мәселелері де бар. Әрбір өтініш белгіленген рәсімдерге сәйкес қаралған.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Семей қаласындағы 24 мектеп-интернатта, балаларды оңалту орталықтары мен балалар үйлерінде мониторинг жүргізілген. Қорытындысы бойынша балалардың болу жағдайлары мен қауіпсіздігін одан әрі жетілдіру жөнінде бейінді басқармаларға ұсыныстар жолданып, олардың орындалуы бақылауға алынған.
Басқарма басшысының айтуынша, Полиция департаментімен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық рейдтер мен іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде. Жол қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарымен 10 мектептің 1 246 оқушысы қамтылған. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, отбасылар арасында өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Спикер балаларды отбасына орналастыру мәселесіне де тоқталды.
— Заңнамада балаларды отбасына орналастырудың бірнеше нысаны қарастырылған. Оларға қорғаншылық, қамқоршылық, патронаттық тәрбие, кәсіби қабылдаушы отбасы және бала асырап алу жатады. Бұл бағыттағы жұмыс әр баланың мүддесі, жеке қажеттіліктері мен қауіпсіздігі ескеріле отырып жүзеге асырылады, — деді ол.
Қорғаншы отбасыларды қолдау және отбасы институтын нығайту мақсатында 20–29 қазан аралығында облыс көлемінде «Қамқоршы күні» аясында іс-шаралар өткізілген.
16–27 қараша аралығында Абай облысында «Бала құқығы – мемлекеттік тірегі» атты онкүндік өтуде. Онкүндіктің негізгі мақсаты – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық сауаттылығын арттыру, зорлық-зомбылық пен құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамда бала құқықтарына деген жауапкершілікті қалыптастыру. Онкүндік аясындағы іс-шаралар күн сайын белгіленген тақырыптар бойынша ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ биылғы қазан айынан бастап балалар мен отбасыларға қолдау көрсету жөніндегі жұмысты үйлестіруге және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге арналған BALAZHAN платформасы іске қосылған.
Сөз соңында басқарма басшысы балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында мемлекеттік органдармен, білім беру ұйымдарымен және ата-аналар қауымдастығымен бірлескен жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Пікір қалдыру