Облыс әкімі Берік Уәли Германияның Инцель қаласында өткен конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының жеңімпаздарымен кездесті.
Кездесу барысында аймақ басшысы спортшылар мен олардың жаттықтырушысына алғыс айтып, алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындыруға тілектестігін білдірді.
«Бүгінде мемлекет тарапынан спортты дамытуға, соның ішінде балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын. Осыған сәйкес Абай облысында да спорт инфрақұрылымын дамыту мен талантты спортшыларды қолдауға арналған кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді. Сіздердің жетістіктеріңіз – атқарылып жатқан жұмыстың нақты нәтижесі. Алдағы уақытта да халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, жаңа белестерді бағындыра бересіздер деп сенемін», – деді Берік Уәли.

Спортшылардың жеке бапкері өз ризашылығын білдірді.
«40 жылға уақыт бапкер болып жұмыс істеймін. Шәкірттерімнің осындай тарихи жетістікке жеткені – облыстың ғана емес, елдің мерейі. Абай облысының спортшыларының жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатқаны зор қуаныш. Алда – Азия ойындары. Енді соған дайындалатын боламыз», – деді Ильмира Хамитова.
Айта кетейік, Вадим Чебардаков масс-старт бәсекесінде 5:29.87 уақыт көрсеткішімен мәреге бірінші болып жетіп, алтын медаль иеленді. Ал қыздар арасындағы командалық спринт сайысында Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, әлем чемпионы атанды. Құрама сапында өнер көрсеткен Абай облысының спортшысы Анастасия Беловодова командаластарымен бірге ел намысын абыроймен қорғап, алтын жүлдеге қол жеткізді.
Пікір қалдыру