Абай облысында ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты шара өтті. Семей қаласындағы Абай кітапханасында өткен мерекелік жиынға облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, өңір тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтады.
«Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл еліміздің егемендік декларациясын қабылдағанына 36 жыл толып отыр. Президентіміз Тәуелсіздіктің бастауында тұрған осы қастерлі датаның маңызын арттырып, қайта жаңғыртты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің ең басты құндылығы тәуелсіздік екенін үнемі айтып келеді. Президентіміздің «Халқымыз Егемендіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінеді. Өйткені, біз азаттықтың құны қандай екенін жақсы білеміз. Бостандық жолында талай батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ, халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді» деген түйінді толғамы халқымыздың сан кешулі тарихы мен күреске толы кезеңдерін нақты түйіндеген сөз деп білеміз. Республика күні – елге еңбегі сіңген азаматтарды ұлықтап, олардың қызметіне лайықты баға беретін мереке. Бүгін Отанымыздың өркендеуіне, өңіріміздің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталады. Бұл – адал еңбекке көрсетілген құрмет, елге қызмет етудің өнегелі үлгісі. Марапат иелерін шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңіз еленіп, абыройларыңыз арта берсін!», – деді Берік Уәли.
🥰Салтанатты жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына үлес қосқан 80-нен астам азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды. Марапаттың көпшілігі жұмысшы мамандық өкілдеріне, еңбек адамдарына, ұстаздар мен дәрігерлерге берілді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы жоғары санатты музыка училищесінің оқытушысы Нұрлан Көшеров «Парасат» орденімен марапатталды. Бесқарағай ауданындағы «Қалиқанұлы» шаруа қожалығының басшысы Марат Қаликовке, «Фирма Азия» ЖШС филиалының директоры Игорь Карпенкоға, Абай облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Гүлжан Саденоваға, еңбек ардагері Уәлихан Майжановқа, Бесқарағай ауданының еңбек ардагері Қайлаш Нұрғазинге, «Казэлектромаш» ЖШС директоры Виталий Распопинге, Семей қаласындағы №3 арнайы мектеп-интернаттың директоры Акрам Қалиғожинге және Абай облысы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Нұрбек Сейтембетке «Құрмет» ордені берілді.
Еңбек жолында табандылық танытып, өз саласының дамуына үлес қосқан үш азамат III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Олардың қатарында «Хан Тоғас» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Елеубек Демежанов, Үржар ауданындағы «Алғабас» шаруа қожалығының басшысы Мәулетбек Қалиев және «Силикат» ЖШС слесарі Вячеслав Тюков бар.
⚡️Салтанатты жиында өңірдің түрлі салаларында еңбек етіп жүрген азаматтар «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен марапатталды. Олардың қатарында Бородулиха ауданы Жезкент кентіндегі мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ольга Семеренько, «Риза» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының тракторшы-машинисі Мейізбек Ахметжанов, Үржар аудандық электр желілерінің Қарабұлақ ауылдық округіндегі электр монтері Серік Ақанов, Мақаншы ауданының орталық кітапханасының директоры Қайнижамал Қазембекова, облыстық жедел медициналық көмек станциясының бас дәрігері Владимир Ли, «Эко тазалық» шаруа қожалығының басшысы Ерасыл Диқамбаев, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының жедел жәрдем бригадасының жүргізушісі Руслан Талыбов бар. «Мемлекеттік қызмет ардагері» ведомстволық төсбелгісімен Абай облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Роза Құдайбергенқызы, Бородулиха ауданы әкімі аппаратының маманы Сайран Пичитаева марапатталды. Бұдан бөлек облыстың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды.
Пікір қалдыру