Абай облысында 137 заңсыз қоқыс орны жойылды

Абай облысында 2026 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ геопорталының деректеріне сәйкес анықталған 137 заңсыз қоқыс орны толық жойылды. Сонымен қатар, өңірде экологиялық бақылау және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Оралхан Әуезбеков хабарлады.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың тоғыз айында департамент мамандары экологиялық заңнама талаптарының сақталуына қатысты 36 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 83 заң бұзушылық анықталып, оларды жою туралы 31 нұсқама берілген. Қазіргі таңда оның 24-і орындалған.

— Экологиялық бақылаудың негізгі мақсаты — заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және анықталған бұзушылықтарды жоюға бағытталған шараларды қабылдау. Есепті кезеңде әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 97 іс қозғалып, 85 іс бойынша тиісті айыппұл салынды, — деді Оралхан Әуезбеков.

Сонымен қатар, департамент мамандары облыс аумағында заңсыз қалдық орналастыру орындарын анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізген. Сәуір айынан бері жүргізілген жұмыстар нәтижесінде тағы 35 заңсыз қоқыс орны анықталды. Оның 20-сы Семей қаласында, екеуі Аягөз қаласында, екеуі Курчатов қаласында, ал қалғандары Жаңасемей, Жарма, Бородулиха және Бесқарағай аудандарында тіркелген.

Аталған орындарды жою мақсатында жергілікті атқарушы органдарға 15 ресми хат жолданған. Бүгінгі таңда анықталған 35 орынның алтауы жойылды.

Одан бөлек, заңсыз қоқыс орындарының өртену фактілері бойынша 18 әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынған.

– Өңірде санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары жалғасуда. 4 сәуірден бастап өткізілген сенбіліктерге 367 мыңнан астам тұрғын қатысып, 6 987 ұйым мен 3 314 бірлік техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 39 мың аула, 1 241 саябақ пен сквер тазартылып, полигондарға 54 864 тонна қоқыс шығарылды, – деді спикер.

Өңірлік көгалдандыру жоспарына сәйкес биыл 67 мың ағаш көшетін отырғызу көзделген. Қазіргі уақытта оның 64 318-і отырғызылды.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап