Абай облысында 2026–2027 жылдардағы жылыту кезеңінде өрттің алдын алу мақсатында 31 618 тұрғын үй профилактикалық іс-шаралармен қамтылды. Негізгі назар пешпен жылытылатын, түтін мұржалары мен электр желілерінде ақауы бар үйлерге аударылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Рустам Мергенбаев хабарлады.
Қазіргі уақытта облыстың тұрғын үй қоры 122 997 үйді құрайды. Оның ішінде 101 155 жеке тұрғын үй, 7 452 көппәтерлі тұрғын үй және 14 390 саяжай үйі бар.
Спикердің мәліметінше, 2026–2027 жылдардағы жылыту кезеңінде облыс аумағында 23 өрт тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 66 болған.
— Профилактикалық жұмыстар аясында әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта есепте осындай 4 090 тұрғын үй бар. Олардың барлығы профилактикалық аралау жұмыстарымен қамтылды, – деді Рустам Мергенбаев.
Спикер тұрғын үйлерге көміртегі тотығын анықтайтын арнайы датчиктер орнату жұмыстарына да тоқталды.
— 2021 жылдан бастап облыс бойынша 15 209 көміртегі тотығын анықтайтын датчик орнатылды. Оның ішінде 1 342 датчик 2026–2027 жылдардағы жылыту кезеңінде орнатылған, — деді аға инженер.
Сонымен қатар тұрғындардың өрт қауіпсіздігі туралы хабардарлығын арттыру мақсатында 126 жиналыс өткізілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,3 %-ға артық.
Сөз соңында Рустам Мергенбаев тұрғындарды жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, пештер мен түтін мұржаларының жағдайын қадағалауға және электр желілерінің ақаусыз болуына назар аударуға шақырды.
Абай облысында 31 мыңнан астам тұрғын үй өрт қауіпсіздігі шараларымен қамтылды
Пікірлер (0)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!
Пікір қалдыру