Өңірде медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдық жерлерге дәрігерлерді тарту және жаңа мамандар даярлау жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылы ауруханаларды медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету және денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
Абай облысының денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелері жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте басқарма басшысы Талғат Молдабеков баяндады. Негізгі басымдықтар қатарында медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, жабдықтарды жаңарту және кадр тапшылығын шешу бар.
Қазіргі уақытта өңірде 325 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 29 аурухана, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 32 ұйым және бір жедел жәрдем станциясы бар. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына 611 136 адам тіркелген. Медициналық көмек көрсету 410 учаске бойынша ұйымдастырылған.
Өңірде ауылдық жерлерге дәрігерлерді тарту шаралары да қолға алынған. 2025 жылы ауылдық елді мекендерде кемінде бес жыл жұмыс істеуге келіскен тапшы мамандықтар бойынша 11 дәрігерге ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем берілді. Олардың үшеуі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында еңбек етеді.
2025 жылы облыстың медициналық ұйымдарына 2 996 дана медициналық жабдық жеткізілді. Оның 969 данасы жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 12 медициналық ұйымға берілсе, тағы 265 данасы «Салауатты ұлт» ұлттық жобасы аясында сатып алынды.
Жаңадан алынған жабдықтардың қатарында Жедел медициналық жәрдем ауруханына арналған ангиографиялық жүйе, Семей қаласындағы №1 қалалық ауруханаға арналған қуаты 1,5 Тесла магниттік-резонанстық томографы және Ақсуат аудандық ауруханасына арналған 64 кесінділі компьютерлік томограф бар. Сондай-ақ жабдықтар облыстық перинаталдық орталыққа және аудандық медициналық ұйымдарға жеткізілді, – деп атап өтті Талғат Молдабеков.
Онкологиялық ауруларды диагностикалауға және ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға да ерекше назар аударылып отыр.
– Аягөз көпбейінді орталық аудандық ауруханасы үшін қосымша магниттік-резонанстық томограф сатып алынды. 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында 128 кесінділі компьютерлік томограф, сарапшылық деңгейдегі маммограф және бейнеэндоскопиялық жүйені қоса алғанда, 16 дана медициналық жабдық сатып алынды, – деп атап өтті басқарма басшысы.
2026 жылы осы жоспар аясында тағы 12 дана медициналық жабдық сатып алу көзделген. Ал 2027 жылы медициналық техниканы лизинг арқылы алу жоспарланып отыр. Жаңа жабдықтар аудандық ауруханаларға, қалалық емханаларға және өңірдің мамандандырылған медициналық мекемелеріне, соның ішінде Семей қаласындағы денсаулық сақтау ұйымдарына жеткізіледі.
Медициналық нысандарды күрделі жөндеуге дайындық жұмыстары да жалғасуда. 2026 жылы Семей, Курчатов қалаларында және облыстың бес ауданында ғимараттар мен үй-жайларды жаңарту жоспарланған.
Семей қаласында Жедел медициналық жәрдем ауруханасының шатыры мен қасбеті, №1 қалалық аурухананың қосалқы нысандары жөнделеді. Ал облыстық перинаталдық орталықта жүк-жолаушылар лифті ауыстырылады. Сонымен қатар облыстық психикалық денсаулық орталығы мен фтизиопульмонология орталығының нысандарын жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Бұдан бөлек, облыс аудандарындағы медициналық мекемелерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деп толықтырды спикер.
Брифинг соңында Талғат Молдабеков Семей қаласындағы эпидемиологиялық жағдайға тоқталды.
– Қаладағы тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. «Гриппол» вакцинасы жеткізіліп, қолданылды. Жалпы, шамамен 2 мың доза вакцина туралы айтып отырмыз, – деп қорытындылады денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Абай облысында ауруханалар жаңартылып, медициналық жабдықтар сатып алынуда
Пікірлер (0)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!
Пікір қалдыру