Абай облысында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» халықаралық науқаны аясында дөңгелек үстел өтті. Кездесуде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Азаматтың дүниетанымы, адами қасиеттері қастерлі қара шаңырағында қалыптасады», – деп атап өткен болатын. Расында, бала ең әуелі отбасында сыйластықты да, мейірімділікті де, жауапкершілікті де үйренеді. Егер бала зорлықты қалыпты құбылыс ретінде көріп өссе, оның салдары бір отбасының шеңберінде қалмайды. Сондықтан зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеуді құқық қорғау органдарының міндеті деп қана қарамай, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін түсінуіміз керек. Отбасы институтын қорғауға Ата Заңымызда айрықша мән берілген. Жыл басында ұлт болып қабылдаған Конституциямыздың 30-бабында неке мен отбасы, ана мен әке, бала мемлекеттің қорғауында болатыны бекітілген. Биыл еліміздің Тәуелсіз мемлекет атанғанына 35 жыл толды. Осы тарихи белес – мемлекеттілігіміздің қалыптасуы мен нығаюын, қоғамымыздың даму жолын саралайтын маңызды кезең. Азаттықтың ең басты өлшемдерінің бірі – азаматтың қадір-қасиеті қорғалатын, заң үстемдігі мен өзара сыйластық орныққан қоғам қалыптастыру. Сондықтан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасыдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін орнықтыру – осы жолдағы маңызды міндеттердің бірі» деді Жарқын Түсіпбекұлы.
Өз кезегінде Абай облыстық Аналар алқасының төрайымы, Семей қаласындағы М. О. Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева отбасындағы тәрбие мен өзара сыйластықтың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, жас ұрпаққа адамгершілік құндылықтарды үйрету, өзгенің құқығы мен жеке шекарасын құрметтеуге тәрбиелеу – зорлық-зомбылықтың алдын алудағы маңызды қадам.
Дөңгелек үстел барысында гендерлік теңдік, әйелдер мен қыздарға тең мүмкіндік беру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мәселелері де қозғалды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, осы бағыттағы жұмысты жетілдіру жөнінде пікір алмасты.
Кездесу барысында зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау және қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету бағытындағы бірлескен жұмыстың маңыздылығы атап өтілді.
Пікір қалдыру