🔼Абай облысында Алакөлдің 2027 жылғы туристік маусымға дайындық мәселелері талқыланды

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен Алакөл демалыс аймағының 2027 жылғы шомылу маусымына дайындық барысына арналған жиын өтті. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық туризм басқармасының басшысы Қуаныш Әбілдаев пен Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин баяндады.

🛍Биыл облыстың басты туристік нысандарының бірі – Алакөл көлінің жағалауындағы инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі таңда электр және жол инфрақұрылымы бойынша құны 7,9 млрд теңге болатын 72 шақырымдық «Көктал-Алакөл» магистральдық электр желісінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба жағалауды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жағалауға апаратын 5 шақырым жолға орташа жөндеу жасалып, 10 мың шаршы метр аумақтағы шұңқырлар қалпына келтірілді. Қабанбай ауылындағы көлік жүктемесін азайту үшін құны 4,5 млрд теңге болатын 8,2 шақырымдық айналма жол жобасы әзірленді.

Жағалаудағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құтқару стансасы және арбаттың бойында жедел құтқару модулі іске қосылды. Жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған 224 бейнебақылау камерасы іске қосылды. Сондай-ақ, жарықтандыру жүйесі жаңартылып, 400 жаңа бағана орнатылды. Көл жағалауындағы санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы 2025 жылы алынған 50 қоқыс контейнері мен 25 қоқыс жәшігіне қосымша 100 қоқыс контейнері сатып алынды.

Өңірдің туристік әлеуетін кеңінен таныту мақсатында мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға да назар аударылды. Осы бағытта биыл алғаш рет «АЛАКӨЛ АЛАУЛАРЫ – 2026» фестивалі өткізілді. 20 маусымнан бастап 15 ауқымды концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Қазіргі таңда өрт сөндіру депосының құрылысы жалғасуда. Үржар әуежайының терминалын қайта жаңарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. 

2027 жылға арналған негізгі жоспарлардың қатарында Алакөл жағалауын нығайту және Қабанбай ауылындағы айналма жол құрылысын жүзеге асыру бар. Жоба аясында 3 018 метр жағалау нығайтылып, ұзындығы 2 991 метр болатын заманауи серуендеу аймағы салынады. Аталған жұмыстар жағалау аумағын қорғаумен қатар, демалушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар жағалауды абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру, санитариялық жағдайды жақсарту және туристік қызмет сапасын арттыру жұмыстары жалғасады. 

🔚Аймақ басшысы салаға жауапты орынбасары, тиісті басқармалар мен Мақаншы ауданының әкімдігіне Алакөл демалыс аймағын 2027 жылғы шомылу маусымына дайындау, жағажайларды абаттандыру, санитариялық тазалық пен инженерлік инфрақұрылым мәселелерін шешу, сондай-ақ, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды.

«Естеріңізде болса, биылғы шомылу маусымына дайындықты өткен жылғы маусым аяқтала салысымен, қыркүйек айынан бастап қолға алған болатынбыз. Алдын ала жүргізілген дайындық жұмыстарының нәтижесінде биылғы туристік маусым ойдағыдай өтті деуге болады. Бұл бағытқа қомақты қаржы бөлінді. Ендігі міндет – қарастырылған қаражатты тиімді әрі сапалы игеру. Қазіргі уақытта аяқталмаған жұмыстар да, жаңадан басталатын жобалар да бар. Сондықтан олардың барлығын қазірден бастап қатаң бақылауға алып, белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуіміз қажет. Алакөл – өңіріміздің маңызды туристік бағыттарының бірі. Сондықтан жаңа маусымға дайындықты қазірден бастап нақты жоспармен, жүйелі түрде жүргізуіміз қажет. Биылғы тәжірибені қолдануымыз керек. Жағажайлардың жай-күйі, санитариялық тазалық, инженерлік инфрақұрылым және судағы қауіпсіздік мәселелері ерекше назарда болуы тиіс. Маусым басталғанға дейінгі барлық жұмыс нақты мерзіммен және жауапты орындаушылармен бекітілуі керек. Ең бастысы – демалушылардың қауіпсіздігі мен қажетті жағдайдың қамтамасыз етілуі», – деді Берік Уәли.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап