Абай облысында 2026 жылдың 9 айында салық түсімдерінің көлемі жоспардан асып, 102 %-ды құрады. Өңірде салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Руслан Данияров мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл жаңа Салық кодексі аясында салық жүйесін жеңілдету, әкімшілік жүктемені азайту және салық төлеушілерге көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға басымдық берілген.
«Мемлекеттік кірістер органдарының басты міндеті – бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің толық әрі уақтылы түсуін қамтамасыз ету ғана емес, адал салық төлеушілерге қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және салық жүйесіне деген қоғамдық сенімді арттыру», – деді Руслан Данияров.
Сондай-ақ өңірде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмыстары жалғасуда. 1 қазандағы жағдай бойынша 364 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 99,8 %-ы электронды форматта ұсынылған. Бұл ретте салық төлеушілерге арналған «E-Salyq Business» және «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшалары белсенді қолданылуда.
Брифинг барысында көлеңкелі экономикаға қарсы күрес мәселесі де көтерілді. Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 38,3 мың литр алкоголь өнімі, 305 мыңнан астам контрафактілік темекі және 100,6 тонна мұнай өнімі тәркіленген. Аталған фактілер бойынша 19,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
Алдағы уақытта департамент бюджет түсімдерін қамтамасыз ету, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, цифрлық қызметтерді дамыту және халықтың салық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Пікір қалдыру