🚉Абай облысында Дегелең теміржол вокзалы жаңадан салынып, пайдалануға берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында республика бойынша 124 вокзал, оның ішінде Абай облысында 10 вокзалды жаңғырту жұмысы басталған болатын. Бүгін Курчатов қаласындағы Дегелең теміржол вокзалы толық жаңартылып, қайтадан салынып, салтанатты түрде ашылды. Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты.


🔼Теміржол вокзалын реконструкциялау бағдарламасы аясында толық жөндеуден өткен Дегелең вокзалының аумағы 85 шаршы метрден 300 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Ішкі кеңістік толық жаңартылып, күту залдары мен жолаушыларға қызмет көрсету орындары заманауи талаптарға сай жабдықталды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін нысанның қолжетімді болуына ерекше көңіл бөлінді. Жалпы станцияда 190 адам еңбек етеді.


Аймақ басшысы жаңа кейіпке енген вокзалдардың тұрғындар үшін маңызы зор екенін атап өтті.


«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік және логистика саласының әлеуетін арттыруға, теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ерекше мән беріп келеді. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында Абай облысында 10 теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары қолға алынған болатын. Маусым айында елімізде алғаш болып облысымыздағы екі вокзал, яғни, Бородулиха ауданындағы Ауыл және Белағаш станциялары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Жақын күндері Мақаншы ауданында Жалаңашкөл, Жарма ауданында Шар, Жарма, Үшбиік станцияларының жаңартылған теміржол вокзалдарын ашамыз. Семей, Аягөз қалалары мен Ақтоғай кентіндегі теміржол вокзалдарын қыркүйек айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Аталған жобалардың негізгі мақсаты – тұрғындар мен жолаушыларға барынша қолайлы орта қалыптастыру, қауіпсіздік деңгейін арттыру және теміржол қызметін заманауи талаптарға сәйкестендіру. Бүгін ашылып отырған Дегелең вокзалы – осы ауқымды жұмыстардың нақты нәтижелерінің бірі. Бұл вокзалдың бұрын тар, ескі болғанын білесіздер. Қазір аумағы кеңейтіліп, перрондары ұзартылып, ғимарат толық бұзылып, қайта салынып, жаңа кейіпке енді. Жаңадан салынған вокзал Курчатов қаласының тұрғындарына және осы өңір арқылы қатынайтын жолаушыларға сапалы әрі қолайлы қызмет көрсететін маңызды нысанға айналады деп сенемін», – деді Берік Уәли.


Теміржолшылар жаңа нысанның ашылғанына ризашылықтарын білдірді.


«Осы уақытқа дейін жолаушыларға 1957 жылы салынған және әбден ескіріп, халыққа тиісті деңгейде қызмет көрсете алмайтын нысанның қолайсыздықтарына төзуге тура келді. Үкімет пен Абай облысы әкімдігінің қолдауымен ғимарат адам танымастай өзгерді. Жақын арада станция тұрақты пайдалануға және халыққа қызмет көрсетуге «Магистральдық желі» кәсіпорнының Семей бөлімшесіне тапсырылады. Баршаңызды бүгінгі қуанышты сәтпен құттықтаймын», – деді «Қазақстан Темір жолы» ҰК АҚ вокзал шаруашылық дирекциясы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Әзімханов.


Станция арқылы «Өскемен-Астана», «Семей-Астана», «Алматы-Павлодар» және «Семей-Ақтау» бағыттарындағы жолаушылар пойыздары қатынайды. Дегелең вокзалының жаңаруы Курчатов қаласын кешенді дамыту жұмыстарымен сабақтасып отыр. 


Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қала ғылым қалашығы ретінде дамып келеді. Соңғы жылдары қараусыз қалған тұрғын үйлерді қалпына келтіру, көшелерді жөндеу, аулаларды абаттандыру, әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Школьная көшесіндегі қалпына келтірілген үйден әлеуметтік осал санаттағы 30 отбасы баспанамен қамтылды.


🔗Қалада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен заманауи Жастар орталығы ашылып, №2 мектеп жаңартылды. Қалалық аурухана кезең-кезеңімен жөнделіп, жаңа медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар Курчатовтың инвестициялық әлеуетін арттыру мақсатында қуаты 700 мегаватт болатын жаңа конденсациялық электр станциясының құрылысы басталды.



Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап