⚡️Абай облысында «Digital Abai – 2026» өңірлік форумы өтті

10 қараша – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай Семей қаласындағы Оқушылар сарайында «Digital Abai - 2026» өңірлік форумы өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты.

Форумда құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы өңірдің цифрлық даму бағытындағы басымдықтарына тоқталып, заманауи технологияларды енгізудің маңызын атап өтті.

«Абай өңірі – еліміздің тарихи дамуының күретамыры, рухани жаңғыру мен заманауи инновациялық серпілістің тоғысқан жері. Бүгінде цифрландыру мен озық технологиялар техникалық құрал ғана емес. Олар – азаматтардың тұрмыс сапасына оң ықпалын тигізетін, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын, экономиканың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын және өскелең ұрпақтың әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік беретін стратегиялық күш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында жасанды интеллектіні кеңінен енгізу, цифрлық экономиканы қалыптастыру және адами капиталды нығайту міндеттерін еліміздің басты даму бағыттары ретінде айқындады. Бұл – уақыт талабы әрі болашаққа бағытталған нақты бағдар. Абай елі де осы міндеттерді сөз жүзінде емес, нақты іспен, өлшенетін нәтижелермен және әр азамат сезіне алатын пайдалы өзгерістермен жүзеге асырып келеді. Цифрлық жаңғыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандарына, маңызды жобаларды жүзеге асыруға атсалысып жатқан кәсіпкерлерге және осы ортақ іске үлес қосып жүрген әрбір жерлесімізге шынайы алғысымды білдіремін», – деді Берік Уәли.

Шара барысында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің «Цифрландыру саласының үздігі» төсбелгісі, Құрмет грамотасы және алғыс хаттары берілді. Сондай-ақ, сала үздіктеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

⏺️Форум аясында цифрлық даму, жасанды интеллект және IT индустриясының өзекті мәселелеріне арналған DIGITAL TALKS пікірталас алаңы, сарапшылық кездесулер мен технологиялық жобалардың таныстырылымдары ұйымдастырылды. Сонымен қатар SEMEY HUB BATTLE стартап-баттлі, AI FILM HACKATHON байқауы, AI CINEMA көрсетілімдері, кибергигиена тақырыбындағы семинар және білім беру саласын цифрландыруға арналған DIGITAL EDUCATION практикалық сессиясы өтті.

Форумда «Яндекс Қазақстан» компаниясының басқарушы директоры Мейірбек Мұқатов, «SMART ALATAU» және «Marti Technology» компанияларының өкілдері, бағдарламашы Тілен Сәтбеков, «MangoDev» компаниясының негізін қалаушы Владислав Набока және «Tech People» компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Марат Шакен цифрлық технологияларды дамыту, «Ақылды қала» тұжырымдамасы, отандық бағдарламалық өнімдерді әзірлеу, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен стартап жобаларды іске асыру мәселелері бойынша өз тәжірибесімен бөлісті.

Қонақтар назарына TECH EXPO көрмесінде технологиялық компаниялардың цифрлық өнімдері мен әзірлемелері ұсынылды. STARTUP ALLEY алаңында Абай облысының стартап жобалары таныстырылса, SCHOOL PROJECTS көрмесінде оқушылар IT және робототехника бағытындағы жұмысын көрсетті.

Сондай-ақ, «Абай облысында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамыту» тақырыбында пленарлық сессия өтіп, өңірдегі ғылыми және технологиялық әлеуетті дамыту мәселелері қарастырылды. Форум соңында технологиялық жобалар мен жасанды интеллект бағытындағы үздік жұмыстар анықталып, байқау жеңімпаздары марапатталады.

📈Семей қаласының байланыс саласындағы тарихи орны ерекше. 1873 жылы Қазақстандағы алғашқы телеграф осы қалада іске қосылды. Ал 1993 жылы еліміздегі алғашқы интернет байланысы орнатылып, 1994 жылы ұлттық «.kz» домені халықаралық деңгейде тіркелді. Осылайша, Семей Қазақстанның коммуникациялық және цифрлық даму тарихында өзіндік орны бар қалаға айналды.

Бүгінде бұл тарихи сабақтастықты өңір жастарының жетістіктері жалғастырып келеді. Абай облысының жастары халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Атап айтқанда, 2024 жылы Сингапурде өткен робототехника жарысында жастарымыз 80 команданың арасынан 1 орын алып, әлемдік рекорд орнатты. Ал 2026 жылы Шанхайда өткен WorldSkills әлемдік чемпионатында Руслан Нестеренко «Ұшқышсыз авиациялық жүйелер» құзыреті бойынша қола медаль иеленді. Сондай-ақ, Данил Голубенко халықаралық киберспорт турнирінің екі дүркін чемпионы атанды.

Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жылдың «Цифрландыру жылы» болып жариялануына орай, облыста цифрлық инфрақұрылымды дамытуға ерекше басымдық берілуде.

Қазіргі таңда өңірдің интернетпен қамтылу деңгейі 80 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті 2027 жылдың соңына дейін 96 пайызға жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта 160 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, халқы аз 18 елді мекен спутниктік интернетке қосылады. Сонымен қатар республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың бойында интернет қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.

Цифрлық технологиялар қоғамдық қауіпсіздік саласында да кеңінен енгізілуде. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Курчатов қаласы, Үржар, Мақаншы, Ақсуат, Бесқарағай, Абай және Көкпекті аудандарында Жедел басқару орталықтары іске қосылды. Бородулиха және Жарма аудандарында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығын арттыруға көңіл бөлінуде. Бүгінде edu.astanahub.com платформасында облыстың 3341 мемлекеттік қызметшісі оқуды аяқтады.

Білім беру саласында облыстың барлық педагогі жасанды интеллектіні пайдалану бойынша біліктілігін арттырды. Ал 3 мыңнан астам мұғалім GPT Edu жүйесінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды.

Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру нәтижесінде биылғы 9 айда облыс тұрғындарына 6 миллионнан астам қызмет көрсетіліп, оның 98,3 пайызы электрондық форматта ұсынылды.

🔲Бұдан бөлек, өңірде инновациялық экожүйені қалыптастыру бағытында Semey Hub технологиялық кластері құрылды. Сондай-ақ, Tomorrow School инновациялық кампусы бағдарламалау және жасанды интеллект бағыттары бойынша жұмысын бастады.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап