Абай облысында Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының 35 жылдығына арналған «Жаңа Халық Конституциясы аясында заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз ету» тақырыбында өңірлік форум өтті. Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев, прокуратура органдарының ардагерлері, құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Аймақ басшысы өз сөзінде прокуратура органдарының елімізде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтудағы, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөліне тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев заң үстемдігін қамтамасыз ету мен азаматтардың құқықтарын қорғауға айрықша мән беріп келеді. Президентіміз биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз келе жатқан жас ұрпаққа жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек», – деп атап көрсетті. Бұл – мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының, соның ішінде прокуратураның алдында тұрған басты міндеттің мәнін айқындайтын маңызды ұстаным. Абай облысы үшін де заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту – өңірді дамытудың маңызды шарттарының бірі. Осы бағытта облыстық прокуратура органдарының атқарып отырған жұмысы ерекше маңызға ие. Бүгінде прокуратура органдарының қызметі тек заң бұзушылықтарды анықтаумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – заң бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу және қоғамда заңға деген құрметті қалыптастыру. Облыс әкімдігі өңірімізде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың өтініштері мен мәселелерін уақтылы шешу, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру бағытындағы бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыруға дайын», – деді Берік Уәли.
Жиында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртай Сабильянов, Қазақстан генералдар кеңесі республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Жақсылық Байтұқбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Дәулет Тұрлыханов, Павлодар облысының прокуроры Алмат Байшолақов, Шығыс Қазақстан облысы прокуроры Тимур Сүлейменов, тарихшы Мұхтарбек Кәрімов, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры Шағангүл Жанаева сөз сөйледі.
🔼Форум барысында облыс әкімі Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевті, мемлекет және қоғам қайраткері Дәулет Тұрлыхановты, белгілі педагог-ғалым Шағангүл Жанаеваны «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Пікір қалдыру