Абай облысында АИТВ инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты деңгейде сақталуда. 2026 жылдың 10 айында өңірде 33 жаңа жағдай анықталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу жөніндегі орталықтың директоры Асылхан Адилжанов хабарлады.
Асылхан Адилжановтың айтуынша, негізгі міндет — АИТВ инфекциясының алдын алу, оны ерте анықтау және науқастарды уақтылы емдеумен қамтамасыз ету.
Спикердің мәліметінше, 2026 жылдың 10 айында Қазақстанда АИТВ инфекциясының 2870 жаңа жағдайы тіркелген. Оның 33-і Абай облысында анықталған, соның төртеуі — шетел азаматтары.
— Биылғы жұмысымыздың ұраны — «Алдын алудан ерте анықтауға». Біздің екі міндетіміз бар. Біріншісі — адамдарға АИТВ-дан қорғануға көмектесу. Екіншісі — әр адамға өз мәртебесін уақытында біліп, қажет болса, емді ерте бастауға мүмкіндік беру, — деді Асылхан Адилжанов.
Өңірде АИТВ инфекциясының 36%-ы стационарларда, 29%-ы емханаларда, 22%-ы АИТВ орталығында анықталған.
— Біздің міндетіміз — АИТВ инфекциясын адам түрлі аурулармен немесе асқынулармен стационарға түскен кезде емес, әлдеқайда ертерек, емхана деңгейінде анықтау, — деді ол.
Сондай-ақ спикер емдеу көрсеткіштеріне тоқталды. Облыста АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 90%-ы өз мәртебесін біледі. Олардың 95%-ы антиретровирустық терапия қабылдайды, ал ем алып жүргендердің 95%-ында вирустық жүктеме басылған. АИТВ-мен өмір сүретін жүкті әйелдерді емдеумен қамту көрсеткіші 100%-ды құраған.
Сөз соңында Асылхан Адилжанов тұрғындарды тұрақты тестілеуден өтуге және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды. АИТВ мәртебесін тұрғылықты жері бойынша немесе облыстық орталықта тегін әрі құпия түрде анықтауға болады.
Пікір қалдыру