Абай облысында елді мекендерді сумен қамтуға бағытталған 32 жоба жүзеге асырылып келеді

Өңірде тұрғындарды сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету және тозған инфрақұрылымды жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейтқанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде қазіргі таңда 32 жоба іске асырылып жатыр.

— Қазіргі таңда 2024 жылдан ауысқан 15 жоба жалғасып жатыр және 18 жаңа жоба басталды. Негізгі мақсат — халықты сапалы ауыз сумен толық қамту және желілердің тозуын кезең-кезеңімен төмендету. Облыс бойынша су желілерінің орташа тозуы - 44,1 пайыз. Жоспарға сәйкес бұл көрсеткішті 36 пайызға дейін азайтуды көздеп отырмыз, — деді Раджан Сейтқанов.

Сонымен қатар алдағы жылдары су инфрақұрылымын дамытуға арналған жаңа жобалар әзірленбек.

— 2026–2027 жылдары 39 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалады. Халықты тұрақты әрі толық сумен қамтамасыз ету мақсатында Семей қаласындағы «Смычка» су тарту құрылысын қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Жобаның алдын ала құны — 14 млрд теңге. Қазіргі уақытта құжаттар мемлекеттік сараптамаға жолданды, — деді спикер.

Кәріз-тазарту құрылыстарының жағдайы да назарда. Облыс бойынша су бұру желілерінің орташа тозу деңгейі - 71,3 пайыз. Семей қаласында — 73,2 пайыз, Курчатовта — 80 пайыз, ал Аягөзде 82 пайызға жеткен.

— Семей мен Курчатов қалаларындағы кәріз-тазарту нысандары 1969–1979 жылдардан бері пайдаланылып келеді. Қазіргі таңда оларды қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сонымен қатар Семей қаласының Ет комбинаты ауданында кәріз коллекторын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, — деп қорытындылады басқарма басшысы.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап