⚡️Абай облысында алғаш рет жаңа форматта әскерге шығарып салу рәсімі өтті

Семей қаласындағы ҚР Мемлекеттік рәміздер алаңында «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» жобасы аясында мерзімді әскери қызметке шақырылған Абай облысының 60 жас азаматын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басшылығы, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер, жастар, сондай-ақ болашақ Отан қорғаушылардың ата-аналары мен жақындары қатысты. 

🔼Абай облысында «Сарбаз жолы» жаңа форматындағы шығарып салу рәсімі алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери қызмет өткерудің негізгі кезеңдерін – әскерге шақыруды, Әскери ант қабылдауды және запасқа шығаруды қамтитын армиялық дәстүрлерді жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр. 

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес қыркүйек айынан бастап облыстың қалалары мен аудандарында күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Жыл соңына дейін еліміз бойынша 21 мыңнан астам, ал Абай облысынан 1500-ден астам азаматты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланып отыр. 

Салтанатты рәсімде облыс әкімі Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жастарға ақ жол тілеп, әскери қызметтің азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырудағы маңызына тоқталды. 

«Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, әскердің беделін арттыруға және жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінуде. Абай облысының жергілікті атқарушы органдары да Президенттің осы бағыттағы саясатын әрдайым қолдайды. Бүгінде мемлекет мерзімді әскери қызмет өткерген жастарға білім алуға, білім беру гранттарына ие болуға, жоғары оқу орындарына түсуге, келісімшарт бойынша қызметін жалғастырып, әскери мансап құруға мүмкіндік беріп отыр. Мұндай мүмкіндіктерді әлемнің кез келген мемлекеті өз жастарына ұсына бермейді. Сондықтан осы бір жылды барынша тиімді пайдаланыңыздар. Үйреніңіздер! Шынығыңыздар! Әскери мамандықты меңгеріңіздер! Мемлекет берген мүмкіндіктерді пайдаланыңыздар!» – деді Берік Уәли.

Сонымен қатар шараға арнайы келген ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев та сөз сөйлеп, әскери қызметке аттанған жас сарбаздарға сәттілік тіледі. 

«Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Адал азамат» бастамасы аясында жүзеге асып жатқан «Сарбаз жолы» жаңа әскери тәрбие жөніндегі іс-әрекетке Абай облысының әкімдігі қолдау жасап, аймақтар арасында ең бірінші болып бастама көтеріп жатқанына алғыс білдіреміз. Қазыр әскердегі қауіпсіздікке қатысты нақты шаралар қабылданып жатыр. Сондықтан ата-аналарды алаңдамауға шақырамыз. Ал құрметті сарбаздар, баршаңызға ақ жол тілейміз!», – деді ол.

Шарада сарбаздардың ата-аналары сөз сөйлеп, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жастарға ақ жол тіледі. 

«Ұлдарымыз Отан алдындағы борышын абыройлы өтеп, аман-есен елге оралсын! Мен бұл жерге бұрынғы әскери қызметкер ғана емес, әке ретінде де келіп отырмын. Өйткені бүгін менің ұлым ҚР әскері қатарына шақырылып отыр. Болашақ сарбаздарға айтарым, Сіздер үлкен өмірге қадам басып барасыздар. Әскери өмір - үлкен мектеп. Сол мектепте мол тәжиірбие жинақтап, ата-ана үмітін ақтап, Отан алдындағы борышыштарыңызды абыроймен атқарып қайтасыздар деп сенеміз», – деді ата-ана Қайырбек Серғазин.

Күзгі шақыру барысында 18 бен 27 жас аралығындағы, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негізі жоқ азаматтар Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметі қатарында әскери борышын өтейді.

➡️Айта кетейік, кездесу барысында аймақ басшысы болашақ сарбаздарға естелік кітаптар сыйға тартты. 



Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап