Абай облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағыты бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Думан Үкіжанов мәлімдеді.
2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңірдегі есірткіге қарсы бағыттағы ахуал мен негізгі көрсеткіштер айтарлықтай маңызды нәтижелерді көрсетіп отыр.
– Облыс аумағында 151 есірткі құқық бұзушылығы тіркеліп, 77 қылмыс құжатталды. Осы кезеңде заңсыз айналымнан 423 килограммнан астам әртүрлі есірткі құралдары мен психотроптық заттар тәркіленіп, заңсыз әрекеттерге қатысы бар 40 адам ұсталды, – деді полиция майоры.
Тәркіленген заттардың құрамына тоқтала кетсек, заңсыз айналымнан алынған 423 кг 164 грамм есірткінің ішінде 306,3 кг марихуана, 111,6 кг қарасора, 1,9 кг гашиш, 3 кг гашиш майы және 190,7 грамм психотроптық заттар бар. Құрықталған 40 адамның арасында 2009 жылы туған кәмелетке толмаған 1 жасөспірім де тіркелген. Сонымен қатар жыл басынан бері Алматы қаласы мен Павлодар облысынан өңірге есірткі жеткізудің 2 тұрақты арнасының жолы кесіліп, сотқа 48 қылмыстық іс жолданды.
– Есірткі арналарын жабумен қатар, киберкеңістіктегі заңсыз сауданы тоқтату басты назарда тұр. Осы бағытта 1 389 есірткі сайты бұғатталып, «Anti-Fraud» ақпараттық жүйесі арқылы 14 миллион теңгеден астам сомаға 321 күмәнді дроп-карта шектелді, – деп атап өтті Думан Үкіжанов.
Тәртіп сақшылары әкімшілік бағытта 334 фактіні анықтап, 147 тұлғаға айыппұл салды және 126 азаматты әкімшілік қамауға алды. Жаз айларынан бері жүргізіліп жатқан «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 50 құқық бұзушылық әшкереленіп, 215 кг-нан астам есірткі тәркіленді. Дегенмен брифингте аумақтық бөлімдерде сақтау фактілерін анықтау деңгейін арттыру және бақылау посттарындағы тексеруді күшейту қажеттігі де сөз болды.
Сонымен бірге есірткіге қарсы күресте алдын алу жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Спорт және Денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп, білім беру ұйымдарында 520 профилактикалық іс-шара өткізіліп, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттайтын арнайы бейнеролик әзірленді.
Абай облысында 1 389 күмәнді сайт бұғатталды
Пікірлер (0)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!
Пікір қалдыру