Абай облысында «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы іске қосылады

Абай облысында ауылдық аумақтарды дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мақсатында «Қаладан – ауылға» атты жаңа қанатқақты (пилоттық) жоба іске қосылмақ. Бұл туралы облыс әкімі мәлімдеді.

Жобаның негізгі мақсаты – алтын бесік ауылды түлету, өңірдегі демографиялық өсімді қамтамасыз ету және ауыл экономикасын жандандыру. Бағдарлама аясында қаладан ауылға қоныс аударғысы келетін азаматтарға, сондай-ақ шетелден көшіп келетін қандастарға жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Өткен жылы облысқа 264 адам қоныс аударса, олардың 244-і қандастар екені атап өтілді.

Аталған жоба аясында Үкімет тарапынан ауыл халқына бағытталған барлық мемлекеттік бағдарламалар және Абай облысы әкімдігі көрсететін қолдау тетіктері біріктіріледі. Ауылға көшіп келетін азаматтарға:
• баспанамен қамту,
• кәсіпкерлікпен айналысу,
• мал шаруашылығын дамыту үшін
мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер ұсынылады.

Бұл бастама өңір тұрғындары тарапынан оң қабылдануда. Мәселен, Абай ауданындағы Медеу ауылының тұрғындары арнайы үндеу жариялап, ауылға көшіп келетін отбасыларды қолдауға дайын екендерін білдірді. Үндеуде әрбір отбасыға баспана беру, 10 бас қой, 2 бас ірі қара, 1 бас жылқы және тұрақты жұмыс ұсыну қарастырылған. Сонымен қатар, ауыл округінде дүниеге келген әрбір сәбиге ат мінгізу дәстүрі бар.

Медеу ауылы бүгінде толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Елді мекенде 207 орындық мектеп, тұрақты интернет желісі, 90 орындық мәдениет үйі, 2024 жылы салынған жаңа медициналық пункт, балалар ойын алаңы, жаңартылған футбол алаңы және жастар саябағы жұмыс істейді. Осындай жағдай жасалған ауылдар облыстың өзге аудандарында да бар.

Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ауыл инфрақұрылымын дамытуға бағытталған әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Облыс әкімінің айтуынша, мал өсіріп, шаруашылықпен айналысамын деушілерге «Қаладан – ауылға» бағдарламасы арқылы жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Аталған пилоттық жоба 20 ақпан күні Семей қаласында өтетін Ауыл әкімдерінің форумында ресми түрде таныстырылады.


Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап