🚒Көкбай ауылында өрт сөндіру бекеті салынды

Облыс әкімі Берік Уәли Көкбай ауылындағы өрт сөндіру бекетінде болып, нысанды қайта жаңғырту жұмысының барысымен танысты.


«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында биыл Абай ауданындағы бес ауылдық округ пен бір елді мекенде өрт сөндіру бекеттерін қайта жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр.


⬛️Бағдарлама шеңберінде Медеу, Саржал және Құндызды ауылдарындағы өрт сөндіру бекеттері жөнделіп, пайдалануға берілді. Ал Көкбай, Тоқтамыс ауылдық округтері мен Орда елді мекеніндегі өрт сөндіру бекеттерін жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын.


Көкбай ауылында 1581 тұрғын тұрады. Елді мекендегі өрт сөндіру бекетінің жұмысын жақсарту ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін маңызды. Бекетте екі қызметкер жұмыс істейді. Өрт сөндіру бекетінің гаражында ЗИЛ-130 өрт сөндіру автокөлігі мен қызметтік «Нива» көлігі,  «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Көкбай ауылына берілген трактор тұр.


Нысанды аралаған аймақ басшысы ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігін күшейту, құтқару қызметінің жұмысын жақсартудың маңызды екенін атап өтті.


«Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғаудың маңызды бөлігі. Әсіресе, ауылдық жерлерде өрт сөндіру бекеттерінің тұрақты жұмыс істеуі, төтенше жағдай туындағанда дер кезінде көмек көрсетуі аса маңызды. Көкбай ауылы – Абай ауданындағы ірі елді мекендердің бірі. Ауызбіршілігі жарасқан, береке-бірлігі бекем ауыл. Былтыр «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында осы ауыл өңірлік байқауда жеңімпаз атанып, жаңа тракторға ие болды. Бүгінде ауылда бірқатар игі жұмыстар атқарылып жатыр. Кітапхана жаңғыртылды, спорт модулі ашылды. Жедел жәрдем және полиция қызметіне қажетті көліктер берілді. Сонымен қатар төрт пәтерлі екі тұрғын үй салынды. Шаруа қожалықтарына электр желісі тартылды. Мұның барлығы – ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған игі жұмыстар», – деді Берік Уәли. 



Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап