Мемлекеттік Ту – Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен абыройын айшықтайтын қасиетті рәміз. Ол – елдің еңсесін, халықтың бірлігі мен болашаққа деген сенімін бейнелейтін қастерлі белгі. Сондықтан да ауданымызда мемлекеттік рәміздердің мәртебесін көтеруге бағытталған игі бастамалар жыл сайын өз жалғасын тауып келеді.
Өткен жылы аудан орталығында бой көтерген биік Ту тұғыры тұрғындардың мақтанышына айналып, елдік рухты асқақтатқан тағылымды нысан болған еді. Сол игі дәстүрдің заңды жалғасы ретінде Ойшілік ауылдық округінде де еңселі Көк Ту тұғыры орнатылды.
Бұл – Тоғас батыр атындағы орта мектептің 2006 жылғы 46-шы түлектерінің мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай туған ауылына жасаған жүрекжарды сыйлары. Туған жердің топырағында өсіп, қанат қаққан азаматтардың ауылына деген шынайы сүйіспеншілігі мен перзенттік парызы осы игі істен айқын көрініс тапты.
Түлектердің қолдауымен ауыл аспанына асқақ бой көтерген 26 метрлік Ту тұғыры орнатылды. Оның ұшар басында ені 2,5 метр, ұзындығы 5 метр болатын қасиетті Көк Байрақ желбіреп, елдік пен егемендіктің айбынды белгісін айшықтап тұр. Ту тұғырының айналасына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері орналастырылып, аумақ көріктендірілді. Сонымен қатар, алаңның айналасы қоршаумен қоршалып, сапалы брусчатка төселді, заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылып, аумақ толық абаттандырылды. Бүгінде бұл орын ауылдың сәнін кіргізіп қана қоймай, елдік рухты ұлықтайтын, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін маңызды орталыққа айналды. Туған жерге деген құрметті – сөзбен емес, іспен дәлелген түлектерге ауыл тұрғындары ризашылықтарын білдіруде. Мұндай игі бастамалар ауылдың көркеюіне ғана емес, елдің бірлігі мен берекесін нығайтуға да қызмет дейді тұрғындар.
Ойшілік ауылында Көк Ту желбіреді
Пікірлер (0)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!
Пікір қалдыру