Абай облысының 200 түлегіне әкім гранты табысталды



Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында оқу жылын табысты аяқтаған түлектерге арналған салтанатты шара өтті. Жиынға Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, мектеп бітіруші жастарды құттықтады.

Биыл өңірде 6065 оқушы мектеп тәмамдаса, олардың 432-сі «Алтын белгі» иегері атанды. Дарынды жастарды қолдау мақсатында 200 түлекке облыс әкімінің гранты табысталды.

    - Бүгін біз «Алтын белгі» иегерлерін ғана емес, туған өлкеміздің мақтаныштарын ұлықтау үшін жиналдық. Он бір жыл бойы білім жолында аянбай еңбек етіп, ең жоғары жетістікке жеткен түлектерді шын жүректен құттықтаймын! Бұл – шәкірттердің, ұстаздардың және ата-аналардың ортақ жеңісі.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үлкен сенім артып, олардың білім мен технологияны меңгеріп, ел дамуына үлес қосатынын атап өтті. Біз де сіздердің осы үмітті ақтайтындарыңызға сенеміз.Қанаттарыңыз талмасын, армандарыңыз асқақ болсын! «Алтын белгілеріңіз» құтты болып, болашақтарыңыз жарқын болсын! – деді Берік Уәли.

Салтанатты кеш барысында білім беру саласының дамуына үлес қосқан ұстаздар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сонымен қатар, облыс оқушыларының республикалық және халықаралық білім сайыстарындағы жетістіктері де атап өтілді. Өткен оқу жылында 407 оқушы түрлі зияткерлік жарыстарға қатысып, 163 жүлделі орынға ие болған.

Шарада түлектердің жетістігі – ұстаздар мен ата-аналардың бірлескен еңбегінің нәтижесі екені айтылып, жастарға алдағы өмір жолында сәттілік тілінді.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап