Семейде «Болашақ сарайы» салынады

ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясының қолдауымен Семей қаласында «Болашақ сарайы» салынбақ. Бұл туралы облыс әкімі оқушылармен өткен подкаст барысында айтты. Оның сөзінше, жоба бойынша келісім биыл жылдың басында «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Ғалымұлымен жасалған.

Облыс әкімі алдағы айларда құрылыс капсуласы салынып, жұмыс басталатынын жеткізді. Қазіргі таңда дайын жобаны өңірге бейімдеу және жобалық-сметалық құжаттарды сараптамадан өткізу жұмыстары жүріп жатыр.

Жаңа кешеннің аумағы 3100 шаршы метрді құрайды. Мұнда жастарға арналған заманауи кабинеттер, спорт залдары, шығармашылық және демалыс орындары ашылады. «Болашақ сарайы» Семей қаласында салынып жатқан жекпе-жек сарайының жанынан бой көтермек.

Аймақ басшысы мұндай жобалардың Батыс өңірлерде бар екенін айтып, оны Абай облысында да жүзеге асыруды ұсынғанын атап өтті. Жоба «Абайға құрмет» акциясы аясында қолға алынған. Облыс әкімі «Болашақ сарайын» жастарға қызмет көрсететін маңызды орталықтардың бірі болады деп бағалады.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап