Семейде «Қаладан – ауылға» атты өңірлік форум өз жұмысын бастады

Маңызды жиынға облыс әкімі Берік Уәли, Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, «Amanat» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, Сенат депутаты Қайрат Тастекеев, Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Қайрат Кошенов және түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, қала-аудан әкімдері, ауылдық округ басшылары мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты. Форумға 500-ден астам делегат жиналды.

Жиынды ашқан аймақ басшысы Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашы болған саяси жаңғырулар аясындағы жаңа Конституцияның тарихи рөліне тоқталды.

Оның айтуынша, бұл басқосу тек ауыл шаруашылығы немесе жергілікті басқару мәселелерін талқылаумен шектелмейді. Форум – ел дамуының басым бағыттарын айқындап, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті нығайтатын маңызды алаң. Жаңа Конституция жобасы қоғамда жарты жылдан астам уақыт талқыланып, 130 адамнан құралған Конституциялық комиссия жан-жақты жұмыс жүргізді. Комиссия құрамына заңгерлер, сарапшылар және қоғам өкілдері енген.

Сонымен қатар облыс әкімі азаматтардың ұсыныстарын ашық білдіруіне жағдай жасалғанын атап өтті. eGov пен eOtinish платформалары арқылы мыңдаған ұсыныс жолданып, олардың барлығы сараптамадан өткен. Комиссия отырыстары ашық форматта өткізіліп, көпшілікке тікелей эфирде ұсынылған.

Аймақ басшысының сөзінше, бұл үдеріс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты көрінісі болды. Сондықтан жаңа Конституцияны шын мәнінде халықтық құжат деуге негіз бар. Ендігі міндет – Ата Заңда айқындалған қағидаттарды ауыл өмірінде нақты жүзеге асыру. Ауыл тұрғынының әл-ауқаты мен шаруалардың дамуы – басты өлшем болуы тиіс.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап