Көптеген азаматтардың өтініштері мен көтерілген мәселелерге байланысты В.И. Ленин ескерткішінің техникалық жай-күйін жан-жақты зерделеу және оның қауіпсіздігін бағалау мақсатында тиісті жұмыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, тиісті ұйымдардың өкілдері мен техникалық мамандардың қатысуымен ескерткішке комиссиялық тексеру жүргізілді.
Тексеру барысында ескерткіштің жалпы техникалық жағдайы, оның негізгі құрылымдық элементтері, тірек жүйелері мен металл конструкцияларының жай-күйі мұқият қаралды. Жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша арнайы техникалық қорытынды әзірленді.
Техникалық қорытындыға сәйкес, ескерткіштің бірқатар маңызды құрылымдық бөліктерінде елеулі ақаулар анықталған. Атап айтқанда, тірек тораптары мен тірек тақтасының зақымданғаны, металл конструкциялардың айтарлықтай коррозияға ұшырағаны, сондай-ақ құрылымда өтпелі жарықтар мен саңылаулардың пайда болғаны белгілі болды.
Мамандардың бағалауынша, анықталған ақаулар ескерткіш конструкциясының беріктігі мен тұрақтылығына кері әсерін тигізген. Ақаулардың жиынтығы оның көтергіш қабілетінің қауіпті деңгейге дейін төмендегенін көрсетеді. Бұл өз кезегінде мүсіннің жекелеген бөліктерінің опырылып құлау қаупін туғызып, айналадағы азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіруі мүмкін.
Осыған байланысты техникалық мамандардың қорытындысы мен қауіпсіздік талаптары негізге алынып, ескерткішті авариялық демонтаждау туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта анықталған ақауларды ескере отырып, авариялық демонтаждау жұмыстары басталды.
Айта кету керек, аталған жұмыстардың басты мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ықтимал төтенше жағдайлар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу. Қоғамдық орындарда орналасқан нысандардың техникалық жағдайын бақылау және олардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі.
Қабылданған шаралар ең алдымен адам өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Демонтаждау жұмыстары тиісті техникалық қорытынды мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес жүргізілуде.

Пікір қалдыру