Бүгін Жарма ауданының Бірлік ауылдық округінде «Асыл Түлік KZ» ЖШС-нің 600 басқа арналған заманауи тауарлы-сүт фермасының іргетасын қалау рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Асыл Түлік KZ» ЖШС директоры Ерік Турдин қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде жобаның өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы маңызына тоқталды.
«Бүгін біз облысымыздың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы маңызды инвестициялық жобаның басталуына куә болып отырмыз. Жарма ауданының Амангелді ауылында «Асыл Түлік KZ» ЖШС-нің заманауи, жоғары технологиялық тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталғанына қуаныштымыз. Бұл жоба өңір экономикасының дамуы мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін береді деп сенеміз. Аталған жоба Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Бұл бағытты дамыту – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым міндеттердің бірі. Бүгінде облысымызда мал шаруашылығы негізінен ет бағытында дамып келеді. Ал сүт өндірісі мен оны өңдеу саласында әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Қазіргі таңда өңірде жалпы өндірістік қуаты жылына 17,1 мың тоннаны құрайтын 5 шағын сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Алайда олардың өнімдері облыс халқының сүт өнімдеріне деген қажеттілігінің шамамен 10 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Бұл ретте бүгін құрылысы басталып отырған тауарлы-сүт фермасының маңызы ерекше. Бұл жоба өңірдегі сүт шикізатының көлемін арттырып қана қоймай, қолданыстағы сүт өңдеу кәсіпорындарын жергілікті шикізатпен қамтамасыз етуге, жалпы саланың өндірістік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді Берік Уәли.
🔼Жобаның жалпы құны – 5,8 млрд теңге. Оның аясында жалпы сыйымдылығы 600 бас болатын заманауи тауарлы-сүт фермасы салынады. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 2,4 мың тоннаны құрамақ. Құрылыс кезеңінде 50-ге дейін уақытша, ал кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 40-қа жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, жоба аясында 1 702 гектар алқапта суару жүйесін құру көзделген. Оның жалпы құны – 1,65 млрд теңге.
Қаржыландыру толығымен жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Жобаның негізгі мақсаты – сүт өндірісін дамыту, мал басын көбейту және тұрақты жемшөп базасын қалыптастыру арқылы өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыру.
Облыста ауыл шаруашылығын дамыту, өңдеу саласын өркендету жолында кешенді жұмыстар атқарылып, қолдаудың тиімді тетіктері қарқынды жұмыс істеп келеді. 2026 жылы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы Жол картасы аясында 23,7 млрд теңгеге 6 ірі агрожоба іске асырылды. Олардың қатарында қайта өңдеу саласында: «Агролидер KAZ» кәсіпорнының ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу зауыты, «Евразия Агро Семей» ет комбинаты, «Qazaq Astyq Group» тазартылған дайын күнбағыс майын өңдеу кешені бар.
Жалпы, 2030 жылға дейін агроөнеркәсіп саласында 90 ірі агрожоба іске қосылады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді кеңейтуге, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға айтарлықтай серпін береді. 2025-2026 жылдарға агроөнеркәсіптік кешендегі ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылы өңіріміздегі 13 жобаға 15,0 млрд теңге көлемінде қаражат берілді. Осы тауарлы-сүт фермасына мемлекеттік қолдау арқылы 5 млрд. теңгеге жуық қаражат қарастырылуда. Бүгінде 1 траншпен 1 млрд теңге бағытталды.
📊Сонымен қатар, қайта өңдеу саласын дамыту аясында аталған бағдарлама бойынша облысымыздағы «Қалиханұлы» шаруа қожалығының сүт өңдеу қуаттылығын тәулігіне 15 тоннадан 55 тоннаға дейін ұлғайтуға бағытталған жобасына 800 млн теңге көлемінде қаржыландыру бөлінді. Жобаны 2027 жылы іске қосу жоспарлануда.
Пікір қалдыру