Семей қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері орманда өзін дұрыс ұстау, табиғатты қорғау және қауіпсіздік талаптарын сақтау жөніндегі маңызды ережелерді «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватына ұйымдастырылған танымдық экскурсия барысында білді.
Табиғат аясындағы кездесу «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл жолы экскурсия арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне арналды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсіндіру, сондай-ақ орманды аумақтағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға үйрету. Экскурсия барысында балалар табиғат аясында серуендеп қана қоймай, орманның экожүйесі, ондағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесі туралы мол мағлұмат алды.
Экскурсия «Семей орманы» резерватының Павлодар тас жолы бойындағы аумағында өтті. Балаларға Қызыл кордон орман шаруашылығының қызметкерлері жетекшілік жасап, орманда өзін-өзі ұстау және қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
Орман мамандары табиғи аумақтың ерекше қорғалатынын атап өтіп, келушілер тарапынан белгіленген талаптардың қатаң сақталуы қажеттігін айтты. Әсіресе өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Орман алқабында от жағуға, қоқыс тастауға, табиғи ортаға зиян келтіруге және бейберекет жүріп-тұруға болмайтыны түсіндірілді.
«Орман алқабы үлкен болғандықтан, мемлекеттік деңгейде қорғалады. Сондықтан бұл аумақта бейсауат жүруге болмайды. Ең алдымен, келушілер қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтауы қажет. От жағуға тыйым салынады. Сондай-ақ қоқыс тастап, табиғатқа зиян келтіруге болмайды. Біз тәрбиеленушілерге осы мәселелер бойынша қажетті бағыт-бағдар бердік», – дейді «Семей орманы» МОТР Қызыл кордон орман шаруашылығының басшысы Қуаныш Қайырханов.
Экскурсия барысында балалар орман шаруашылығы қызметкерлерімен бірге табиғат аясында серуендеп, орманның тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысты. Мамандар орман аумағында өсетін өсімдіктер, мекендейтін жануарлар мен құстар туралы айтып, олардың табиғи тепе-теңдікті сақтаудағы маңызына тоқталды.
Балаларға табиғатты қорғаудың қарапайым, бірақ маңызды қағидалары да түсіндірілді. Атап айтқанда, қоқысты арнайы орындарға тастау, өсімдіктерді сындырмау, құстар мен жануарларға зиян келтірмеу, орман ішінде от жақпау және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттігі айтылды.
Тәрбиеленушілер үшін экскурсияның тағы бір ерекшелігі – табиғатты тікелей бақылау арқылы жаңа ақпарат алу мүмкіндігі болды. Олар орманның табиғи ерекшеліктерін көріп, түрлі өсімдіктерге назар аударып, қоршаған орта туралы өздерін қызықтырған сұрақтарын мамандарға қойды.
Табиғат аясындағы серуен балаларға ерекше әсер сыйлады.
«Біз бүгін табиғат аясына шығып, орманның қандай үлкен екенін көріп, таңғалдық. Мұнда табиғат өте әдемі екен. Ауасы да таза. Орманшы ағайлар бізге қоршаған ортаны таза ұстау керектігін және табиғатты қорғаудың маңызын түсіндірді. Бүгін көп нәрсе білдік», – деді орталық тәрбиеленушілері.
Мұндай экологиялық іс-шаралар балалардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар табиғат аясындағы танымдық кездесулер жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізіп, жаңа білім мен тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы осындай бастамалар экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, табиғатты аялау құндылықтарын жас ұрпақтың бойына сіңіруге бағытталған.
#ТазаҚазақстан #тұрақтыдаму #тазамемлекет #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan
Пікір қалдыру