Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі бастамасын қолдаймын. Бұл — азаматтық заңнаманың мазмұнын жаңартумен ғана шектелмейтін, сонымен қатар оның қолданысқа енгізілу тәртібін мұқият айқындауды талап ететін ауқымды міндет.
Бұл жұмыста жаңа Кодекс күшіне енгенге дейін жасалған шарттардың құқықтық тағдыры ерекше маңызға ие. Азаматтық айналымда бірнеше жылға есептелген жалдау, тауар жеткізу, қарыз, мердігерлік және басқа да ұзақ мерзімді шарттар бар. Мұндай шарттардың талаптары олар жасалған кездегі заңнамаға, тараптардың экономикалық есептеріне және өздері қабылдаған тәуекелдерге негізделеді.
Егер жаңа заңнамалық нормалар осындай қатынастарға нақты өтпелі қағидаларсыз қолданылса, бұл шарттық міндеттемелердің тұрақтылығына және азаматтық айналымға қатысушылардың негізді құқықтық күтулеріне кері әсер етуі мүмкін.
Қолданыстағы заңнамада бұл салаға қатысты маңызды кепілдіктер көзделген. Атап айтқанда, Азаматтық кодекстің 4 және 383-баптарында азаматтық заңнаманың кері күші болмайтыны және заңнамада өзгеше тікелей көзделмесе, бұрын жасалған шарттардың талаптары кейіннен міндетті заңнамалық талаптар өзгерген жағдайда да сақталатыны бекітілген.
Жаңа Кодексті әзірлеу кезінде осы құқықтық тәсілді сақтап қана қоймай, оны өтпелі ережелер арқылы бірізді іске асыру маңызды. Бұрын жасалған шарттарға қандай нормалар қолданылатынын, Кодекс күшіне енгеннен кейін туындайтын құқықтар мен міндеттердің қалай реттелетінін және қандай айрықша жағдайларда жаңа талаптардың бұрын қалыптасқан қатынастарға қолданылуы мүмкін екенін нақты айқындау қажет.
Сонымен бірге құқықтық тұрақтылық қағидатын заңнаманы жаңартуға кедергі ретінде қарастыруға болмайды. Егер жаңа нормалар қоғамдық маңызы бар мүдделерді қорғауға немесе елеулі құқықтық тәуекелдерді жоюға бағытталса, заң шығарушы арнайы талаптар белгілеуі мүмкін. Алайда мұндай шешімдер түсінікті, негізделген және құқықтық қатынастарға қатысушылар үшін алдын ала болжамды болуға тиіс.
Жаңа Азаматтық кодекстің сапасы оның нормаларының мазмұнымен қатар, қолданыстағы құқықтық реттеуден жаңа жүйеге көшу үдерісінің қаншалықты сауатты ұйымдастырылатынымен де айқындалады деп есептеймін. Құқықтық реформа тараптардың бұрын қабылдаған міндеттемелеріне қатысты белгісіздік туғызбай, ертеңгі күнге деген сенімді нығайтуы қажет.
Пікір қалдыру