Азаматтық кодексті жаңарту кезіндегі құқықтық сабақтастық: реформа азаматтық айналымның тұрақтылығын нығайтуға тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөнінде көтерген бастамасын қолдаймын. Бұл жұмысты жекелеген нормаларды қайта қараумен шектемей, азаматтық-құқықтық реттеудің бүкіл жүйесін кешенді жетілдіру ретінде қарастыру қажет деп санаймын.

Сонымен қатар мұндай ауқымды заңнамалық жаңғырту барысында құқықтық сабақтастық қағидатын сақтау айрықша маңызды. Заңнаманы жаңарту қалыптасқан құқық қолдану тәжірибесінің негізсіз жойылуына, тиімді құқықтық тетіктердің өзгеруіне немесе қолданыстағы құқықтық қатынастарға қатысты белгісіздіктің туындауына әкеп соқпауы керек.

Азаматтық заңнама азаматтардың күнделікті мәмілелерінен бастап, күрделі мүліктік және корпоративтік қатынастарға дейінгі кең ауқымды саланы қамтиды. Сондықтан әрбір елеулі өзгеріс жеке-дара емес, өзара байланысты нормаларға, қалыптасқан құқықтық институттарға және оларды қолдану тәжірибесіне ықпалы тұрғысынан бағалануға тиіс.

Осы тұрғыда жаңа нормалардың жүйелілігі, құқықтық терминологияның бірізділігі, жалпы және арнайы нормалардың ара-жігін нақтылау, сондай-ақ өтпелі кезеңге арналған тетіктерді мұқият пысықтау маңызды. Бұған қоса, сот практикасын және қолданыстағы заңнаманы қолдану барысында анықталған олқылықтар мен қайшылықтарды ескеру қажет.

Менің ойымша, жаңа Азаматтық кодекстің тиімділігі өзгертілген баптардың санымен емес, оның қолданыстағы мәселелерді қаншалықты жүйелі шешетінімен, өзін ақтаған құқықтық тәсілдерді сақтай отырып, болашақтағы қатынастар үшін түсінікті әрі тұрақты қағидалар қалыптастыруымен бағалануға тиіс.

Азаматтық заңнаманы жаңғырту жаңашылдық пен құқықтық сабақтастықты ұштастыруы қажет. Сонда ғана жаңа Кодекс азаматтық айналымның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, құқықтық реттеудің сапасын арттыруға және азаматтық заңнамаға деген сенімді нығайтуға мүмкіндік береді.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап